Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл ішінде елімізде бұқаралық спорт дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде. Соның ішінде республиканың үшінші мегаполисінде де нақты жұмыстар қолға алынуда. Нақты айтқанда жуырда Абай ауданынан бой көтерген заманауи спорт алаңшасын атауға болады.
Самал-3 шағынауданындағы Ізгілік және Юсупов көшелерінің қиылысында орналасқан көп функционалды спорт алаңшасын қала әкімі ашып берді.
– Бұқаралық спортты дамытудың негізінде сау әрі саналы ұрпақ, мықты ұлт қалыптасады. Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен айналысатын, оны өмірлік ұстанымына, дәстүрінің ажырамас бөлігіне айналдырған ұлт әрдайым дені сау, санасы сергек, құлшынысы биік болады. Жаман әдеттерден арылған, бойын сергек ұстайтын қоғамда тәрбиеленген ұрпақтан әрқашан тек жоғары жетістіктер күтесің. Ол үшін бұқаралық спортты әр қазақстандық, соның ішінде шымкенттіктер өзінің өмірлік серігі етуі тиіс. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту бағытында үлкен жұмыс атқарылуда. Қаламызда жаңадан бой көтерген осынау ашық спорт алаңдары – соның бір көрінісі. Сондықтан барша қала тұрғындарын спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – деді Мұрат Әйтенов.
Бұл спорт алаңшасы «Eurasian Resources Group» ЖШС-нің жеке қоры есебінен салынды. Жұмсалған қаржы көлемі 14,5 млн теңгені құраған. Нысан құрылысын жүргізген мердігер мекеме – «Ферротекс» ЖШС. Жалпы ауданы 324 шаршы метр алаңша спорт жабдықтарының барлық түрімен және дене шынықтыруға арналған, түрлі жаттығу жасайтын бұйымдармен жабдықталған. Мұнда жақын маңда тұратын балалар волейбол, баскетбол, футболдан сайысып, осы спорт түрлерін жаттықтырушы арқылы үйреніп, қосымша стрит воркаутпен де айналыса алады.
Бұқаралық спортты дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды айтып өткен аудан әкімі Бұхарбай Парманов 2014 жылдан бері ауданда жалпы саны 222 аула абаттандырылғанын және 58 спорт алаңшасы салынғанын жеткізді.
Б.Пармановтың айтуынша, қала әкімінің берген тапсырмасына сәйкес тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, осы бағытта оларға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында биыл балаларға және ересектерге арналған спорт алаңшаларын орнату жұмыстарына 1 млрд 389 млн теңге бөлініпті. Бұл қаражат көп қабатты 21 үй ауласын абаттандыруға, 12 спорт алаңшасын жөндеуге, бұған қоса 35 спорт алаңшасын салуға жұмсалған.
Мұнымен қоса Абай ауданында «Шымкент қайырымды қала» қоры есебінен 4 спорт алаңшасы бой көтерді.
Қала әкімі М.Әйтенов бұдан кейін Еңбекші ауданына қарасты Қарабастау тұрғын алабынан пайдалануға берілген көпсалалы спорт алаңшасының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл нысан да «Eurasian Resources Group» ЖШС жеке қоры есебінен бой көтеріп отыр. Нысанды салуға компания 13 млн теңге қаржы жұмсаған. Спорт алаңшасының жалпы ауданы 324 шаршы метрді құрайды. Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбек 2011-2020 жылдар аралығында аудан аумағында 85 спорт алаңшасы салынғанын және биыл 15 осындай спорт нысанының құрылысын қолға алу жоспарланып жатқанын баяндады. Шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы ашық спорт алаңшасының ашылу рәсімінен соң балаларға доп сыйлап, алғашқы жарыста теңбіл допты ортадан ойынға қосты. Ал спорт нысанының жаттықтырушысы Сүйіндік Жұманов балалар мұнда күн сайын волейбол, баскетбол және футбол ойындары бойынша жаттығатынын, таңертеңнен кешке дейін доп теуіп үйреніп, команда болып жарыстар ұйымдастырылатынын айтты. Сонымен бірге тұрғындарға осындай игі іс жасаған азаматтарға, бұқаралық спорттың шын мәнінде бұқаралық сыйпат алуына барынша ден қойған жергілікті әкімдікке шын жүректен алғысын білдірді.
Бүгінгі таңда Қарабастау тұрғын алабында 8932 адам тұрады. Оның ішінде балалар саны – 3370. Қарабастаулықтардың ендігі талап-тілегі – жабық спорт кешенін салу. Қала әкімі жаңадан іске қосылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы арқылы жеке кәсіпкерлердің өз қаражаттары есебінен спорт кешенін салуға болатынын айтты.
Ал дені сау ұрпақ – мемлекет келешегі. Келешек кемел болу үшін кәсіпкерлерді қолдау бүгінгі қажеттілік болып тұр.
ТЕГІН ҮЙІРМЕЛЕР КӨБЕЙДІ
Жалпы, мегаполистің әр аумағынан дәл осындай ашық спорт алаңшаларын салуға қала әкімдігі тарапынан 115 жер телімі бөлінген. Соның 14-ін демеушілердің жеке қаражаты есебінен салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 11 спорт алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тарқатып айтсақ, Әл-Фараби ауданынан «Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығы демеушілік жасап, 7 спорт алаңшасын салып беретін болды.
Осы кезге дейін соның төртеуі пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Eurasian Resources Group» ЖШС-нің демеушілігімен 7 ашық спорт алаңшасы салынып, балалардың игілігіне жарап отыр. Ал қалған 101 спорт алаңшасын салуға бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Бұл – Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес қала бюджетін нақтылау барысында «Ордабасы» кәсіби футбол клубы» АҚ-дан қысқартылған қаржы. Бұл қаражат бұқаралық спортты дамыту мақсатына қарай бағытталып отыр. Ендігі жерде Шымкенттің Абай ауданы мен оған қарасты 19 елдімекенде – 35, Еңбекші ауданы мен оған кіретін 5 елдімекенде – 14, Әл-Фараби ауданы мен оның 2 елдімекенінде – 25 және Қаратау ауданы мен соған жататын 8 елдімекенде 27 ашық спорт алаңшалары пайда болады.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаевтың спорт саласы бойынша 6 айда атқарылған жұмыстар жөнінде берген мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 6 айында дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданатын азаматтар саны 340 мыңнан асқан. Бұл мегаполис тұрғындарының 31,2 пайызына тең. Сондай-ақ, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасында халықтың мың адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі туралы айтылған. Ондағы жоспарға сәйкес, 2021 жылы бұл көрсеткіш 25,1 пайызға жетуі тиіс. Ал бүгінгі таңда бағдарлама талабы 25,4 пайызға асыра орындалып отыр. Мәселен, биыл Нұрсәт шағынауданынан бой көтерген ауданы 1293 шаршы метрлік заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталды.
Сонымен бірге, жоғарыда айтқанымыздай, қалада спорт үйірмелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарламаның басты мақсаты — спорт үйірмелерінің жұмысына жан бітіріп, спортпен шұғылданушы азаматтар қатарын арттыру. Әсіресе балаларды спортпен шұғылдануға машықтандыру. Жастайынан денесі шымыр болып өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Елімізге, бүгінгі қоғамға да керегі — дені сау, тәрбиелі, жаман әдеттермен санасы уланбаған ұрпақ.
Спорт басқармасының басшысы Бауыржан Қалмұхамедұлының айтуынша, спорттың 71 түрінен тегін үйірмелер ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 339,8 млн теңге бөлінген. Бұл үйірмелерде 4 мыңнан астам бала жаттығатын болады. 2021 жылы балаларды спорт секцияларына тарту үлесі 5,3 пайызды құрап отыр. Қосымша анықтамаға жүгінсек, мегаполисте 6-18 жасқа дейінгі 248 мыңнан астам бала бар. Соның 172 мыңнан астамы спорттық және шығармашылық үйірмелерге барады. Ендігі жоспар бойынша қалған 76 мың баланың 5,3 пайызын спорттық үйірмелермен қамтамасыз ету көзделуде.
КЕЛЕШЕК ЧЕМПИОНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕЙДІ
Ресми дерек бойынша Шымкентте 890 спорт нысаны бар. Қазіргі уақытта мегаполистегі «Металлург» стадионы қайта жаңғыртылуда. Құрылыс ы 2020 жылы басталған. Ол үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлінді.
Стадионды жаңғырту ісі келесі жылы да жалғасады. Сонымен қатар, былтыр Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің жанынан қосымша ғимарат салына бастады. Құрылыс «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта қалалық №20 спорт мектебінің құрылысы қолға алынбақ. Әзірге нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптамадан өтіп қойды. Құрылысқа қажет қаражат бойынша бюджетке ұсыныс енгізіліпті. Және де қалалық №15 спорт мектебінің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге конкурс жарияланған. Аталған нысандарды тұрғызу Шымкент қалалық құрылыс басқармасы тарапынан жүзеге асырылады.
Басқарма басшысының баяндауынша, қалада жаңа ипподромның құрылысы басталды. Нысан «BIGroup» компаниясының демеушілігімен салынады. Қазіргі таңда ипподром түсетін аумақта жер қазу, тегістеу жұмыстары жүргізіліп, бетон төсеніштер құйылып бітті. Ипподром құрылысы жобасының жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайды. Айта кету керек, жаңа ипподромда 2 мың метрлік атшабар алаңы, 1500 адамға арналған көрермен орны және аттар тұратын қысқы және жазғы қоралар болады. Мегаполисте бұдан басқа «Отау Строй» ЖШС демеушілігімен құны 400 млн теңге болатын үстел теннисіне арналған спорт нысанының құрылысын жүргізу көзделуде.
Сайып келгенде, бұл атқарылып жатқан жұмыстар ұлт денсаулығын нығайту мақсатында қызмет етеді.
Ануар ЖҰМАШБАЕВ