Ұстаздар қауымына жүктелген міндет пен қойылған талаптар жыл санап артып келеді. Педагогтар балаларды жетістіктерге жетелейтін бірден-бір тұлға. Сондықтан, заман мен уақыт талабына сай өзі де дамуы тиіс. Бүгінгі Түлкібас ауданына қарасты М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының акт залында өткен дәстүрлі тамыз конференциясы осы тақырыпқа арналды.
Онлайн форматта ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Н.Байғұт, аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы мен білім саласының қызмектерлері және ұстаздар қауымын қатысты. Мектеп ұжымдары жиынды ZOOM платформасы арқылы бақылап, байланысып отырды.
Конференцияда сөз алған Нұрлан Мархабатұлы ұстаздар мен аудандық білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының ашылуымен құттықтап, оқу процесіне тынғылықты дайын болу керектігін атап өтті. Мектептерге жаңа оқу жылына қажетті материалдық-техникалық базасының толық болуын, мектеп директорларына әр оқушы мен ұстаздардың індеттің алдын алу мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстануын қадағалауды, білім сапасы мен тәрбие жұмыстарын үнемі бақылауда ұстауды, оқушылар арысындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен ұлтаралық достықты нығайту мақсатында профилактикалық шараларды ұдайы ұйымдастыру қажеттігін ескертті.
Онлайн өткен конференция барысында қатысушылырға аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы ауданымыздың өткен жылы білім саласындағы жеткен жетістіктері жайында баяндама жасап, жарыссөзге жазылған мектеп директорлары мен мүғалімдер оқу процесін ілгерілету мақстында өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі айтылған ұсыныстарды назарға алып, тиісті жұмыстар атқарылатының жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі мен мәслихат хатшысы өткен жылдың сала үздіктерін алғыс хат және грамоталармен марапаттады.
Бүгінгі таңда аудан аумағындағы 60 жалпы орта білім беру мекемелерінде 23 701 бала білім алуда. Үш ауысымдағы мектеп жоқ. Соның ішінде, биылғы жаңа оқу жылында 2275 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр.
Ауданда 71 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Оның ішінде балабақшалар саны -48, шағын орталық-23. Балабақшаман қамту көрсеткіші-100 пайызды құрап отыр.
Тәуелсіздік алғалы бері 30 жылда ауданымызда 28 мектеп, 33-дан астам балабақшалар салынып ел игілігіне берілді. Биылда бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып, аудан ортылығынан көп жылдан бері шешімін таппай келген 300 орындық, Еңбекші ауылынан 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бастау алды. Халық санының өсуіне байланысты Түлкібас кенті мен Шақпақ-баба, Сеславино, Абай ауылдарында мектептер жөндеуден өтіп, қосымша заманауи ғимараттар бой көтерді.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі