Өмірзақ Шөкеев: Туризмге инвестиция салу үшін ең оңтайлы кезең

Қысқаша

Өмірзақ Шөкеев: Туризмге инвестиция салу үшін ең оңтайлы кезең

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «2021 Қазақстан-Америка инвестициялық форумына» қатысып, Түркістан өңіріне инвестиция құю мүмкіндіктері және артықшылықтарымен таныстырды. Екі мемлекеттің 30 жылдық достық қарым-қатынасы аясында өткен кезекті инвестициялық форумға онлайн форматта қатысқан Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір әлеуетіне басымдылық берді.

image.png

Жиынға қатысушы АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Германияның халықаралық сарапшыларын облыстың мемлекет бойынша инвестиция тартуда алғы қатарда болуының себептерін де атап өтті.

2020 жылы Германия, Литва, Украина, Польша, Латвия, Эстония, Түркия, Молдова, Орталық Азия мен ТМД-ға көршілес елдердің нарығына оңтайландырылған экспортпен 1,8 миллиард АҚШ доллары сомасына ауыл шаруашылығы өнімін шығара білген Түркістан өңірінің америкалық нарыққа да даяр екенін және осы бағытта қызығушылық танытушылар табылатынына сенім білдірді.

Географиялық орны ерекше Түркістан аумағынан шығатын өнімдердің бір апталық уақытта Қытай еліне, Еуропаға жеткізілу мүмкіндігі – әр алуан салада инвестиция құйып, кәсіп жетілдіру табыстылығының бірден-бір көрсеткіші. Мемлекет тарапынан инвесторларға арналған салықсыз және өзге жеңілдіктер қарастырылған бағдарламалары өңір әлеуетін арттыруда өз септігін береді.

Еуразия жауһары орналасқан Түркістан қаласын туризм орталығы ретінде қалыптастыру шешімін қабылдаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен атқарылған үш жылдық жұмыс жемісімен таныстырып өткен өңір басшысы, қазіргі таң - жергілікті туризм саласына қызығушылық танытудың ең оңтайлы кезеңі екенін де айтып өтті.

Айта кетейік, 14-17 маусым аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі, "KAZAKH INVEST "ҰК" АҚ және АҚШ Сауда-өнеркәсіптік палатасы онлайн форматта ұйымдастырған Қазақстан-Америка экономикалық форумы өтуде.