Түркістан облысының Арыс қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы заманауи орталық ашылды. Бұрын той өткізу мақсатында салынған ғимарат иесі нысанды қала тұрғындарының мәдени-танымдық, спорттық сергіту орталығы ретінде пайдалануға берді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен тойхана қайта құрылымдаудан өткізіліп, қосымша құрылыстар жүргізілді.
Сөйтіп, зағип жандар мен құлақ мүкісі бар, жалпы мүмкіндігі шектеулі қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығы ретінде іске қосылды. Бұл жерде көзделген негізгі мақсат мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық емес сауықтыру шараларымен олардың өмірлік белсенділігін арттыру, психологиялық көмек көрсету арқылы тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға бейімдеу болып табылады. Орталыққа келгендер кітап оқу алаңында еркін тақырыпта ізденіп, интернет алаңында компьютермен жұмыс істей алады. Бұрынғы той сарайы енді мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді.
Спорт бұрышында физикалық дене жаттығуларын жасайды. Ал қолөнер бұйымдары бұрышында түрлі кәдесыйларды жасауды үйреніп, зағиптарға арналған үстел тенисінде бір сәт көңіл сергітеді. Сонымен қатар, мұнда йога орталығы да жұмыс істейді.
Оған қоса, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ұлттық зияткерлік ойын түрлерін ойнап, үйренуге барлық жағдай жасалған. Ғимарат аумағында мүгедектер арбасына таңылған жандардың еркін кіріп-шығуы үшін арнайы пандустар салынған. Ғимараттың екінші қабатында оқу залы мен зағиптарға арналған Брайль әліпбиі негізінде жазылған әлемдік және қазақ классиктерінің көркем шығармалар жинағы да топтастырылған.
Сондай-ақ, шығармалардың аудио нұсқадағы үлгісі де келушілердің назарына СD-дискі түрінде ұсынылады. Көңілі қалаған адам кітапхана қызметкеріне жаздырып алып, үйіне кетіп тыңдауға беріледі.