Түркістан облысының еңбекқор диқандары қауын-қарбыз егіп, одан мол өнім алуда елімізде көш бастады. Атап айтқанда, Жетісай ауданының шаруалары қауын-қарбыз жинаудан республика бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов айтты.
– Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін ерте өндіру бойынша Түркістан облысында көш бастап келеді. Жалпы ағымдағы жылы аудан бойынша 12 мың 500 гектар аумаққа қауын егіліп, одан 355 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, 3800 гектар жерге қарбыз егіліп, тиісінше одан 102 мың 600 тонна өнім алынған. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш болып табылады, – деді басқарма басшысы.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының сөзіне сүйенсек, әлемді жайлаған коронавирус жұқпалы дертіне байланысты түрлі карантиндік шектеулерге қарамастан жиналған өнімдер Қазақстан аумағынан бөлек, Ресей, Латвия, Белорусия, Молдовия, Эстония, мемлекеттеріне жөнелтілген.
Сонымен қатар, былтыр Жетісай ауданы бойынша 15 мың 750 гектар аумаққа бақша дақылдары егілсе, одан алынған жалпы өнім көлемі қазіргі таңда 390 мың тоннаны құрап отыр.