Түркістан облысы әкімінің құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстың ізін суытпай ашу туралы тапсырмасын Кентау қаласының тәртіп сақшылары жүзеге асырып келеді. Полицейлер көлік тонаумен айналысқан екі жігітті қолға түсірді.
Кентау ҚПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз тұлғалар оның «Жигули» маркалы көлігінен ақша жымқырғанын хабарлады. Жәбірленушінің айтуынша, ол көпқабатты тұрғын-үйінің ауласына кешкісін көлігін қойған. Ал, таңертең көлік ішінде тұрған 50 000 теңгеден астам ақшасын таппай қалған. Ақшасы ұрлағанын білгеннен кейін, тұрғын полицейлерден көмек сұрайды.
Осы уақытта полиция бөліміне тағы екі тұрғын шағым түсіріп, оларда көліктеріне ұры түскенін жеткізді. Бұл жолы жәбірленушінің бірі аулада тұрған «Мерседес» маркалы көлігінің есігіне аздап зақым келгенін байқайды. Көлігін тексерген кезде салонындағы 15 000 теңгесі ұрланғанын көреді. Үшінші тұрғын болса, көлігінде ақшасы болмағандықтан ұрлық болмағанын айтты. Дегенмен, «БМВ»маркалы көлігінің терезесі сынғанын жеткізді. Аталған жайттар СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
Орын алған ұрлық қылмыстарын ашу мақсатында аудандық полицейлер шұғыл әрекетке көшті. Тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілді. Көрген-білгендер жауап алынып, бейнебақылау камералары тексерілді. Нәтижесінде 1 күн ішінде ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде екі жас жігіт анықталып ұсталды. Олар Бәйдібек ауданының тұрғындары, жұмыс істеу мақсатында Кентауға келген сыныптастар болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай оңай жолмен ақша тапқысы келген күдіктілер түнгі уақытта аулада ешкім жоқтығын пайдаланған. Бірінші көліктің артқы есігі ашық болғандықтан, оларға ұрлық жасауға оңай болған. Ал, қалған екі көлікті бұзу арқылы арам ойларын іске асырған. Күдіктілер өз кінәларын толық мойындады. Ақшаны қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Бас шаралары міндеттеме. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызбен, ақшаларыңызға барынша абай болыңыздар деп ескертеді. Яғни, ақшаларыңызды ашық тұрған көлікке, басқа да кез-келген жерге тастамаңыздар. Мүмкіндігінше көлігіңізді ақылы автотұрақтарға есік-терезесін құлыптап барып қоюға кеңес береді. Егерде сізде, осындай ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.