Әмияндар мен банк кәртішкелерін ұрлаған күдіктілер ұсталды

Қысқаша

Түркістан облысы әкімінің құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу туралы тапс

03.jpg

Түркістан облысы әкімінің құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу туралы тапсырмасымен әмияндар мен банк кәртішкелерін ұрлаған күдіктілер ұсталды.

Мақтарал АПБ-нің кезекші бөліміне базарда сатушы болып жұмыс істейтін Атакент кентінің тұрғыны, жас қыз ұрлық туралы арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, жергілікті базарлардың бірінде дүкен сөресінен белгісіз тұлғалар оның ақшасы мен құжаттары салынған әмиянын ұрлап кеткен. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық"бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Әмиянда 12,5 мың теңгеден басқа құжаттар мен банк кәртішкесі де болған. Оқиға орнына бірден Мақтаарал АПБ-нің жедел-тергеу тобы шықты. Ұрлықты ашу мақсатында полицейлер барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Олар қылмыс орны мен бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп, куәгер болуы мүмкін адамдармен сөйлесті. Нәтижесінде тәртіп сақшылары Мақтаарал ауданының зейнеткер әйел тұрғынын, яғни күдіктіні "ізін суытпай" ұстады. Күдікті жедел түрде полиция бөліміне жеткізілді. Анықталғандай, егде жастағы әйел адам сатушының бірер сәтке бұрылғанын пайдаланып, білдіртпей әмиянын ұрлап, қылмыс орнынан ізін жасырған.
Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Бұған дейін ауруханадан жасалған тағы бір қалта ұрлығын Жетісай ауданының полицейлері ашқан болатын. Ағымдағы жылдың шілде айында жергілікті тұрғын полиция бөліміне аудандық ауруханадан хабарласып, сөмкесінен белгісіз тұлғалардың банк кәртішкесін ұрлап, 60 мың теңгеден астам ақшасын алып кеткендігі туралы арызданған. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды . Сондай-ақ полиция бөлімінде күдіктілерді іздеуге кіріскен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер үй-үйді аралап, қылмыс орнын және бейнебақылау камераларын, оның ішінде банкоматтар жанында орнатылған камераларды тексерді.
Нәтижесінде, жиналған ақпарат пен бақылау камераларының бірінен алынған бейнежазбаның арқасында жедел уәкілдер ұрылардың ізіне түсті.
Екі күннен кейін 
жетісайлық сақшылар банк кәртішкесінен ақша ұрлаған күдіктіні ұстады. Ол Жетісай ауданының тұрғыны, ауруханада медбике болып жұмыс істейтін, бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотталған әйел болып шықты. Ұсталған әйел қылмысын мойындады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу мен сөмкелерін, бағалы заттарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.

    A+
Уақыты: 2020-08-16  Айдарша: Құқық
TAG: