Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірді бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Түркістан облысының аумағында карантиндік режим енгізіліп, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Шектеу шараларының басты мақсаты халық арасында коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу болып табылады. Бірақ кейбір азаматтар карантин талаптарын бұзып, өздерінің денсаулығы мен балалардың денсаулығына қауіп төндіруде.
Бәйдібек ауданында полиция, СЭС, әкімдік және басқа да мүдделі органдар өкілдерінен құралған мобильдік топтар кезекті рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша 40 бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде сатушылардың шектеу шараларын сақтамауы және келушілер арасындағы қашықтықтың орнамауы, термометрлердің болмауы, азаматтардың бетперделік режимін және басқа да санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзуы сынды жайттар бар.
Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы "ортақ су пайдалану ережелерін бұзу" бойынша полиция қызметкерлерімен өзендер мен су айдындарында шомылу кезінде карантин талаптарын бұзған және әлеуметтік қашықтықты сақтамаған 226 азамат жауапқа тартылды. Барлық фактілер бойынша жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды үйлену тойлары мен басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізбеуге, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауға, бетперделік режимді бұзбауға және қашықтықты сақтауға кеңес береді.