Үшінші мегаполисте қала және жалпы еліміздің экономикасына серпін беріп, нарықтық бәсекеге төтеп беріп келе жатқан, кәсіпорындар арасында ойып тұрып орын алар зауыт, фабрикалар жеткілікті. Солардың бірі «АГФ Групп» тігін фабрикасы. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласында 10 жылдан аса табыс тауып келеді. Фабрика тіпті ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде. Табысты кәсіпорынға 251 миллион теңге инввестиция тартылған. Қазіргі таңда 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания жылына 1,5 миллионға жуық өнімін экспортқа шығарады.
Жалпы өз өнімдерін 2013 жылдан бастап экспорттай бастаған компания жасанды емес маталар және табиғи материалдармен комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халаттар тігеді. Аймақта төсек орындықтар мен төсеніштер, жастықтар мен көрпелер, қаптөсектер өндіретін ең ірі өнеркәсіптік тігін фабрикасы саналады. Кәсіпорында заманауи үлгідегі тігін машиналары мен жапон және әлемдік брендтердің үтіктеу және кесу жабдықтары бар. Қазіргі уақытта компанияны экспортқа бағдарланған деп атауға болады. Себебі, өндірілген өнімдердің 90% шетелдік тұтынушыларға жолданады.
Өткен жылы фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған болатын.