Сарыағаш ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында “Тәуелсіздік тұғырым!” атты ұранымен 50-ден жастан жоғары ардагерлер арасында кіші футболдан ауданның ашық біріншілігі өтті. Сарыағаш қаласындағы “Дене шынықтыру сауықтыру спорт кешенінде” өткен жарысқа аудандардан 10 команда бақ сынасты оның ішінде 1-орынды Келес командасы, 2-орынды Мақтаралы командасы,
3-орынды Сарыағаш командасы иеленді. Жарыс қорытындысына сәйкес жеңімпаз командалар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен дипломдармен марапатталды.
Айта кетері, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту бойынша берген тапсырмаларына сәйкес былтыр елімізде «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген болатын. Жоспарда өңірлік дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық ғимараттар мен ұйымдарында халыққа арналған "Ашық есік күні" спорттық іс-шараларын тұрақты негізде өткізу, ауылдық және қалалық елді мекендерде жазықтық спорт ғимараттарының (спорттық ядролар, алаңдар, спорттық трассалар) желісін дамыту көзделіп отыр.
Тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты түрде айналысуға шақыратын осындай шаралар Сарыағаш ауданында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.