Шымкенттік 74 тұрғын жаңа баспанаға ие болды. Қоныс тойын тойлаушылардың дені әлеуеті әлжуаз, аз қамтылған, толық емес және көпбалалары отбасылар. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезінгендер үш күннен бері тұрғын үй басқармасынан пәтер кілтін алып, мәре-сәре күй кешуде.
Фарида Жүнісова 7 жылдан бері үй кезегінде тұрыпты. Көпбалалы ана 20 жылдан астам уақыт пәтерде жалдап келген. 4 баласының ортаншысы мүгедек. Үйге кірген кірістің көп мөлшерін жалдау ақысы мен дәрі-дәрмекке әрең жеткізіп, күнелтіпті. Ал, бүгін сол қиындықтың бәрі артта қалды.
Ал, Майра Бекбосынова жалғызбасты ана. Сауда-саттық жасап, күнделікті нәпақасын әзер табады. 25 жылдан бері кісі үйін паналап келген келіншек бұл үйдің кезегін тоғыз жыл күтіпті. Қуанышында шек жоқ. Бүгін ол үшін ақ түйенің қарны жарылғанмен, пара-пар.
Айту керек, мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген юбұл үйлер Асар және Тұран шағынауданынан еңсе тіктеген. Арендалық баспанаға қол жеткізгендердің 39-ы әлеуеті әлжуаз, 28-і көпбалалы отбасы. Тағы 7 пәтер иесі ата-ана қамқорлығынсыз қалған тұл жетімдер.
"Жалпы жыл соңына дейін 976 азаматты сатып ал құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделген. Соның 682-сі тұрғын үймен қамтылды. Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуына қарай үлестірілетін болады. Ал, өткен жылы 1596 азамат жалдамалы баспанамен қамтылған болатын",- дейдіШымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов. Миллионды шаһарда баспанаға деген сұраныс қашан да жоғары. Қазір тұрғын үй алу тізімінде 44 850 азамат кезекте тұр.