Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев Құрылысшылар күніне орай аудандағы қарқынды сәулеттік жобаларды жүзеге асырып келе жатқан өз ісінің білгірлерін құттықтады. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарқынды даму жолына түскен ауданымыздың сәулеттік келбетінің күн санап өзгеруінде Сіздердің алар үлестеріңіз мол. Бүгінгі айтулы сәтті пайдаланып, құрылыс саласында талмай еңбектеніп, зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандар тұрғызған құрылыс саласының майталмандарын төл мерекесімен құттықтаймын. Ауданымыздың алдағы даму жоспарына белсене араласып, заманауи, айшықты жобалар ұсынады деп сенемін», деді аудан әкімі Б.Батыршаев.
Мерекелік шарада аудан басшысы саналы ғұмырын құрылыс алаңында өткізіп, бүгінде зейнетке шыққан бірқатар ардагерлердің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ, құрылыс компаниясының жауаптыларына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Өз кезегінде мерекеге жиналған көпшілік аудан әкімінің тың бастамаларына қолдау білдіретіндігі жеткізді.
Елімізде Құрылысшылар күні мерекесі тамыздың екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Бүгінде Қазақстанның құрылыс саласында 630 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Елде қолжетімді баспана салу мен сатуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда.