Үшінші мегаполис статусына ие болған Шымкент қаласының иелігіне осыдан бірер жылдар бұрын бірқатар елдімекендердің енгені белгілі. Қалалық болған елдімекендерде инфрақұрылым, коммуналдық мәселелер де аз емес еді. Бұл қиындықтар қазіргі таңда шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтың қадағалауымен кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді.
Айталық бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында үш магистралды ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүруде.
Жалпы ұзындығы 11,37 шақырымды құрайтын «Көмешбұлақ» нысанының құрылысы өткен жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта 8,3 шақырым құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталды. Нысан құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жауапты мердігер компания өкілдері құрылысты уақытында тапсырамыз дейді.
Сонымен қатар, ұзындығы 13,6 және 11,76 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларының құрылысы да биыл аяқталып, жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Аталған үш магистралды су құбырының құрылысы аяқталса Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Батыс, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алаптары толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады дейді салаға жауапты мамандар.