Түлкібастық түлектердің тартуы

Қысқаша

Түлкібастық түлектердің тартуы

20.jpg

Түркістан өңіріндегі түлектер ерекше үрдісті дәстүрге айналдырды. Мектепті әр жылдары бітірген азаматтар туған ауылын көркейтуге ден қойған. Түркістан облысы Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылдық округіне қарасты С.Сейфулин мектебінің 20 жыл бұрын бітірген түлектері «Jaskeşu auyly» деп жазылған стеланың орнатуына мұрындық болды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кезінде ауылдағы мектепті бітірген түлектер қазір әр салада еңбек етіп жүр. Туған ауылдарын, білім алған мектептерін ұмытпай, қолдау көрсетуде. Олар туып-өскен ауылдарына биіктігі 6 метр, ені 7 метр ауыл атауы жазылған стела тарту етті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында, елді мекен кіре-берісінде орналасқан жаңа нысанның жалпы аумағы 84 шаршы метрді құрайды. Толығымен қоршалып, абаттандырылған. 

Құрылыс жұмыстарына 3,5 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Нысанның салтанатты ашылуына қатысқан жергілікті билік өкілдері мен ауыл ақсақалдары және зиялы қауым өкілдері кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай игі іске мұрындық болған түлектерге алғыс білдірді. Береке мен бірлігі жарасып, татулық пен жомарттық көрсеткен мектеп түлектеріне ауылдастары дән риза. Алдағы уақытта түлектер өздері орнатқан стела маңындағы 1 гектар жерге саябақ салып беруді жоспарлауда. 


    A+
Уақыты: 2021-07-07  Айдарша: Өңір
TAG: