Халықтың әл-ауқатын көтеруде өнеркәсіп саласының алар орны бір бөлек. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Сондықтан, қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсібі саласын дамытуға айрықша басымдық беруі тиіс.
Осы негізде, қарқынды жұмыс атқарған Сайрам ауданы өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша облыс көлемінде үшінші орынды иеленді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы туралы бүгінгі брифингте кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Үсіпбеков Әбдібек Зиятайұлы және Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Сайрам аудандық филиал директоры Сыздықов Бауыржан Арыстанбекұлы мәлім етті.
- Биылғы бес ай ішінде аудан көлемінде 23 карьер кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 1 карьер уақытша тоқтап тұр, 2 карьердің келісім-шарттары кері қайтарылған, 20 карьер жұмыс істеп тұр. Ауданда заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және оларға зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімінің 2021 жылдың 4-ші маусымдағы №34 өкімімен жұмысшы топ құрылған. Ақсу өзенінің бойындағы стратегиялық маңызы бар объектілерінің саны-6 бірлік. Жұмысшы топ Ақсу өзенінің бойында орналасқан жер қойнауын пайдаланушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өзен бойынан басқа жерге ауыстыруға ұсыныстар берген. Сонымен қатар жұмысшы топ а.ж. 8-шілдесіне құм-тас тасымалдаушы ауыр жүк көліктеріне қатысты 183 хаттама толтырып, 2669,9 мың теңге айыппұл салды. Бұл соманың 50%-ы, яғни 1334,9 мың теңгесі аудан бюджетіне өндірілді, - деп баяндады Әбдібек Зиятайұлы.
«ASHYQ» жобасы бойынша:
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылдың 3 маусымындағы №25 қаулысына сәйкес ASHYQ бағдарламасына тіркелуге өтініш берген нысандар саңы- 64, кәзіргі таңда - 56 нысан QR алып жұмыс істеуде, 8 – нысан бойынша тиісті QR кодтары күтілуде. Түркістан облысы бойынша 5 нысан ASHYQ бағдарламасына қатысушы Лидер атағының иегері болған, оның ішінде 2 нысан Сайрам ауданында орналасқан, ол Даймонд және Рандеву Сити демалыс орындары. Естеріңізге сала кетейік, Ashyq мобильді қосымшасы елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін әзірленген. Оның көмегімен қоғамдық орындарға кіру кезінде келушінің статусы анықталады. Сонымен қатар, қосымша бизнес нысандарына қатаң карантиндік жағдайда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша:
2021 жылға Сайрам ауданы бойынша «Бастау-Бизнес» жобасымен 310 адамды оқыту жоспарлануда. «Бастау-Бизнес» бойынша оқығандар – І лекте 92 тыңдаушы қатысып, 88 тыңдаушы оқуларын сәтті аяқтағаны туралы сертификат алды. ІІ лекте - 98 тыңдаушы қатысып, 92 тыңдаушы оқуларын сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттарын алды. ІІІ – лек оқу процесі жалғасып, кәзіргі таңда 37 тыңдаушы қатысуда.
І және ІІ лекте оқыған тыңдаушылардың 40 тыңдаушысы мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. 23 тыңдаушы несие алуға құжаттарын жинақтауда.