Шымкентте «Қарапайым заттар» экономикасы бағдарламасы бойынша 2021 жылы бес жоба іске аспақ. Атап айтқанда, «Каз Энерго-1» ЖШС электр сымдары және кабель өндірісі, «Аянат» ШҚ жылыжай кешені, «Dala construction» ЖШС құрама темірбетон конструкциялар және «Юникс» ЖШС минералды сулар және алкогольсіз сусындар өндіру жобалары жүзеге асырылады. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығыменөткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында мәлім болды. Басқосуға басқарма басшылары және жеке кәсіпкерлер, инвесторлар қатысты. Жиында қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев «Қарапайым заттар» экономикасы бағдарламасы жобаларының ағымдағы жағдайы мен өңірлік брендті дамыту және жаңа жобалар мен олардың өзекті мәселелерін сөз етті.
Шымкент қаласында осы салада 2,7 мың адам еңбек етеді. Ендігі кезекте жергілікті кәсіпорындар Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өндірісті кеңейтуге дайын. Алдағы үш жылға кеңейту жоспарлары дайындалуда. 2020 жылы бұл бағытта 162 жаңа өндіріс орындары ашылды. Алдағы үш жылда олардың санын 422-ге жеткізу көзделуде. Инвестиция көлемі – 11 млрд теңге шамасында. 6 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
Қала әкімі өңірлік инвест жобаларды қадағалайтын комиссия құруды тапсырды. Аудан әкімдіктері осы жобаларды жүзеге асыру үшін жер учаскелерін анықтауы қажет. Сондай-ақ, жиында жаңа жобалар мен жобалардың өзекті мәселелері талқыға түсті. Инвесторлар тарапынан көпқабатты үйлер, қонақүй және әлеуметтік нысандар жобалары таныстырылды.
Қала әкімі «зум» жүйесі арқылы түркиялық «Ozguven» компаниясының басшысымен сөйлесті. Шымкентке инвестиция тарту бойынша әлеуетті компания басшысымен жақын арада кездесуге келісті.