Педагог құқығын қорғайтын консультативтік-кеңес құрылды

Қысқаша

Айта кетейік, кеңес қызметі ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Яғни объективтілік, әділдік және әдептілік қағидаттарын басшылыққа алады.

Screenshot_2.png

Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар педагогтардың мәртебесін өсіру болып табылады. Ұстаздардың тағы бір мерейін асырған жоба ол – 2019 жылы қабылдаған «Педагог мәртебесі» туралы заң.  

Шымкентте білім аталған бағдарлама аясында және аталмыш заң шеңберінде педагогтарға қолайлы жағдай жасалып келеді.  Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогикалық әдеп мәселелері жөнінде сөз қозғады. 

–  2020 жылы «Педагог мәртебесі» туралы  заңды іске асыру бойынша 36 нормативтік акті қолданысқа енді. Яғни, аталған заң аясында мұғалім құқығына нұқсан келтірген жауапты тұлғаларға қатысты нақты шаралар қабылданып отыр. Сонымен қатар биыл департамент жанынан «Білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органы» құрылды. Бұл алқалы кеңес мұғалімдердің педагогикалық әдеп сақтау мәселелерін қарайды, – деді Н.Шамшиева. 

Спикердің сөзінше, педагогтардың құқықтарын бұзу, оларға тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүктеу, кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту және ақпарат немесе есеп талап ету фактілері болған жағдайда лауазымды тұлғаға ескерту түрінде шара қолданылады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, 20–120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Одан бөлек, мұғалімдердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешу мақсатында педагогтар жүргізетін міндетті құжаттардың тізбесі бекітілген. Сондай-ақ, тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар негізінде ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді.

Брифинг барысында Нұргүл Ақылбекқызы департамент жанынан құрылған Кеңес мүшелері жоспарға сай жұмыс атқарып отырғанын тілге тиек етті. Осы орайда алдағы уақытта білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіліп, «Педагог мәртебесі» туралы заң аясында кеңес жұмыстары жанданатынын жеткізді.

Айта кетейік, кеңес қызметі ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Яғни объективтілік, әділдік және әдептілік қағидаттарын басшылыққа алады.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн. 282 млрд. теңге (2020 жылы – 404 млрд. теңге, 2021 жылы – 770 млрд. теңге, 2022 жылы –1 трлн. 108 млрд. теңге) бөлінен болатын. 


    A+
Уақыты: 2021-04-19  Айдарша: Өңір
TAG: