Әлеуметтік дүкен делдалдықты жояды

Қысқаша

Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған жобаға бөлінген инвестиция құны – 50 млн теңге. Мұнда күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қолжетімді бағада сатылуда.

Screenshot_19.png

Президенттің еліміздегі ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында қолға алынған "Егіс даласынан дүкен сөресіне дейін" атты пилоттық жобасы Шымкентте сәтті жүзеге асырылуда. Оған дәлел жақында қалада жаңа әлеуметтік дүкеннің ашылуы. Нысанның ашылу салтанатына қала  әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты. Елшібек батыр көшесінің бойында орналасқан әлеуметтік дүкенде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған жобаға бөлінген инвестиция құны – 50 млн теңге. Мұнда күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қолжетімді бағада сатылуда. 

Бұл дүкенде тек қана Шымкентте өндірілген азық-түлік тауарлары, жылыжай өнімдері жинақталған. Яғни, азық-түлік тауар өндірушілер мен дүкен иесі арасында ешқандай делдал жоқ. Сонымен қатар, мұнда өнімдер қаладағы орташа нарықтан 20 пайыз төмен бағада сатылады. 

Қала әкімі жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін осындай дүкендер бойынша үйлестіруді ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысына тапсырды. Тауарлардың түрлерін көбейтуді де міндеттеді. М. Әйтенов экономикадағы бағаны тұрақтандырудың бірден бір жолы ретінде осындай дүкендерді көбейту бағытында жұмыс жанданатынын атап өтті.

  Айта кетейік, "Егіс даласынан дүкен сөресіне дейін"  пилоттық жобасы  бірінші кезекте кәсіпкерлердің өз өнімдерін толықтай сатуларына мүмкіндік береді. Екіншіден, келісімшарт аясында тауарды қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізуге болады. Нәтижесінде елімізде азық-түлік импорты да азаяды.


    A+
Уақыты: 2021-04-05  Айдарша: Өңір
TAG: