«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына» қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру бойынша Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысына комиссия мүшесі ретінде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов қатысты.
Комиссияда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бизнесті іске асыруды жоспарлайтын Бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде берілетіні және Шымкент қаласы бойынша 600 грант бөлу жоспарланғаны хабарланды. Осыған байланысты комиссия мүшелері оқытудан өткізілді.
Айта кетейік, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты - халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Ал қаржылық қолдау "Бастау Бизнес", "Жас кәсіпкер" жобаларының қатысушыларына және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуды аяқтағандарға ұсынылады. Грантты алудың басты шарты – оқуды аяқтағанын растайтын құжаттың болуы. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы төмен отбасылар оқудан өту шартынсыз-ақ мемлекеттік грант ала алады.