"Дархан елдің татулығы". Шымкенттік этнос өкілдері дәл осындай атаумен өткен мерекелік іс-шарада бас қосты. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен қоғамдық келісім мекемесі ұйытқы болған шара әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығында өтті .
- Тату елдің берекесі мол. Елдің ынтымағын нығайтып жүрген этномәдени орталықтардың қоғамның дамуына ықпалы зор. Дәстүрімізді дәріптеп, тыныштығымызды сақтауға әрі қарай да үлес қоса берері сөзсіз,- дейді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының этнос аралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Мұхтар Төлепов.
Мерекелік ісшара барысында белгілі айтыскер ақын Жандос Мырзабаев арнау айтты. Татулық, мейірім туралы Қаратау аудандық "Аналар кеңесінің" төрайымы Зульфия Бекмырзаева да аналық ақ пейілін жеткізді.
-Қазақтың жүрген жері той. Ол кеңпейілді мінездің белгісі. Тойдың бастысы достықты ту еткен Наурыз тойы болған. Сол Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында достығы жарасқан ел бір шаңырақ астында жыл сайын бас қосамыз. Бұл үлкен мақтаныш,- деді З.Бекмұрзаева. Мерекелік іс шараға көп балалы Батыр аналар да келіпті. Олар отбасы құндылығы туралы тәлімді әңгіме өрбітті.
Ал, өзбек мәдени орталығы атынан Диляруз Юсувалиева Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін нәшіне келтіре шырқаса, кәріс қызы Елена Ким өз ана тілінде әннен шашу шашты.
-Қазақстанда ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады. Біз өз ана тілімізді, өнерімізді ұмытпауымыз үшін барлық жағдай жасалған. Мен осыған ризамын. Қазақ халқына алғыс айтамын,- дейді корей этномәдени орталығының өкілі Елена Александровна.
Осы сәтте түрік қызы Гүлханым Тұрсынова "Мен қазақ қыздарына қайран қалам " әнінің әуенін қобызда ойнап, көпшілікті тәнті етті.