2020 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен қамтылған азаматтар саны 324690 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санынан 30,6 % құрап отыр. Ол 2019 жылға қарағанда 30202 адамға артты. Ал биыл дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар көрсеткішін 31% ұлғайту жоспарлануда.
Жалпы Мемлекет басшысының барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында биыл ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен осы мақсатта 115 замануи спорт алаңы салынады. Спорт алаңдары воркаутпен айналысуға арналған спорттық жабдықтармен және дене жаттығуларына арналған аймақпен жарақтандырылмақ. Аталған спорт нысандарының жетеуі демеушілер есебінен салынатын болды.
Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов демеуші болып табылатын «ERG Еуразиялық топ» ЖШС-ның өкілімен кездесті. Жеті алаңшаның екеуі Қаратау ауданында, бесеуі Абай ауданында орналастырылатын болып келісілді.
- Пандемия кезі бізге бейбіт күннің батырларын анықтап көрсетіп берді. Денсаулықты сақтау мен тазалыққа үйретті. Аурудың өршіген тұсында қоғамның белсенділері, халық жанашырлары көмек қолып созып, қажетті аппараттарды алуға көмектесті. Сол сәтте ауырмастан бұрын алдын алу керектігін түсіндірді. Осы тұста Сіздердің спорт алаңшасын салып береміз деген ниеттеріңіз өзгелерге үлгі болып отыр. Қоғамға пайдалы істеріңізді қала тұрғындары ұмытпайды, - деп Мұрат Әйтенов өзінің алғысын білдірді.