Елімізде бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы орайда Шымкент қаласында бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету көрсеткішінің жоғарылауын диспансерлік есепте тұратын науқастар саны айтарлықтай төмендеп отыр. Нақтырақ айтқанда 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 4 %-ға төмендеді.
Амбулаторлық деңгейде азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 7,2 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 63 %-ға өсті.
Сонымен бірге, ауруды ерте анықтау мақсатында профилактикалық тексерулер жүргізілуде. 2019 жылы 343 074 тексеру жоспарланып, олар 100 % орындалды. Ал, 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты азаматтардың 97 пайызы скринингтік тексерулерден өткен.
Сонымен қатар шымкенттік медицина қызметкерлерінің жалақысы артты. Яғни 3 288 дәрігердің еңбекақысы 30 пайыз, ал 7 535 орта буын медицина маманының еңбекақысы 20 пайызға өскен.
Айта кетейік, қаланың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың мәліметі бойынша бүгінге шаһардың эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Бүгінге дейін қалада өткен жылдың
24 наурыздан 2021 жылдың 26 ақпанға дейін COVID-19 ауруының 6 111 жағдайы тіркелген. Ал емделіп шыққан науқастар саны – 5 551.