Сарыағаш ауданында бүгінде бірқатар ғимараттарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жүр. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы іс-сапар кестесімен ауданға қарасты бірқатар елді мекендер мен ауылдарда болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен таныс болды.
Аудан әкімі №5 С.Исмайлов атындағы жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Сарыағаш қаласында орналасқан №5 жалпы орта мектеп 1987 жылы пайдалануға берілген. Мектепте шатырын, едендерін ауыстыру, ішкі қабырғаларды әрлеу және есіктерін ауыстыру, сыртқы фасад жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары аяқталып, есіктері ауыстырылды. Ішкі қабырғаларын сылау және едендерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айының соңына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарлануда.
Жасалып жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көзбен көрген аудан басшысы сын-ескертпелерін айтып, мердігер мекемеге жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ әкім Самал мөлтек ауданындағы жаңадан бой көтеріп келе жатқан 900 орындық мектептің де құрылыстарымен таныс болып қайтқан болатын.