Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Шымкентте қаншама жұмыс орындары ашылып, талай жоба жүзеге асырылды. Солардың бірі крафт-қағаз және қораптарды өндіретін “SHYMKENT QAGAZY” ЖШС.
Кәсіпорын тәулігіне 30-35 тонна крафт қағазын,1300 тонна қорап өндіруге қауқарлы. Өткен жылы іске қосылған нысанға 1500 миллион теңге инвестиция тартылған болатын. "Оңтүстік" индустриялды аймағында 3 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын қазіргі таңда 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы үшінші мегаполисте жалпы 37,7 млрд. теңгеге 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құрумен 22 жоба іске қосылған болатын. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржыны жалпы сомасы 98,48 млрд.теңгеге 48 жобадан тұрады. Оның ішінде барлығы 4364 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, биылғы жылы соның құны 42,95 млрд.теңгені құрайтын 25 ірі жоба іске асып, 2293 жаңа жұмыс орны ашылған. Мамандардың дерегінше межелі жоспар бойынша 2021-2023 жылдары қолданыстағы жобаларды кеңейте отырып жалпы инвестиция сомасы 55,53 млрд.теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру көзделген. Бұл бағытта 2071 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2022 жылы аралас иірімжіп, картон, полипропилен жіп, сондай-ақ кілемдер мен кілем бұйымдарын өндірумен айналысатын 4 кәсіпорынның қызметін кеңейтуге басымдық берілмек. Алдағы жылдарға жоспарланған 14 әлеуетті жоғары жобалар жоспарлануда. Оның қатарында электр қалқаны жабдықтары мен қуаты әртүрлі трансформаторлар өндірісі, сорғы жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіру ісі және тыңайтқыштар өндірісі, басқа бейорганикалық химиялық заттарды өндіру және киім мен аяқ киім өндірісімен айналысатын жаңа кәсіпорын ашу көзделіп отыр.