Түркістан облысы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында Түркістан облысының білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында өткен Түркістан облысының педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесінде атқарылған жұмыстарға талдау жасалынып, алдағы жаңа оқу жылына қойған мақсат-міндеттер сараланды.
Кеңеске онлайн режимде өңірдің барлық ұстаздары және БАҚ өкілдері қатысты. Тамыз кеңесін ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов түркістандықтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы жоспарларға тоқталды.
– Бүгінгі күні – білім беру мазмұнына, оқушы тұлғасы мен педагог қызметіне деген көзқарастар өзгерген кезең. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ел Үкіметі мен облыс әкімдігінің тапсырмаларына сәйкес облысымызда жаңа оқу жылына дайындық бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда, ұстаздың мәртебесін көтеру және материалдық жағдайын жасау республика деңгейінде көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қадірлі ұстаздар қауымы! Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – еліміздің жарқын болашағы. Жаңа оқу жылының табыстары мен жетістіктері мол, шығармашылыққа толы, қуаныштары көп болсын! –деді ол.
Биылғы, жаңа оқу жылында 927 күндізгі орта білім беру ұйымында оқу процесі дәстүрлі форматта 516 мың 740 оқушы оқиды деп күтілуде. Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.