Түркістан облысы ауданның төрттен бір бөлігін электр қуатымен қамтып отырған су электр станциясы жұмыс істеп тұр. Төлеби ауданының Қасқасу ауылдық округіндегі әлеуметтік маңызы бар шағын су электр станциясы жобасының қуаттылығы 2500 кВт. «АК-СУ КУАТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,2 млрд теңге қаражат жұмсаған жоба аудандағы Сайрамсу өзенінің бойында орналасқан. Шағын гидро электр станциясында 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– «Кеңес -1» Шағын су электр станциясының құрылысы 2015 жылы басталып, 2016 жылы аяқталды. Толық 2019 жылы іске қосылды. Су электр станциясы Сайрамсу өзенінен келетін ағын судың қысымын энергияға айналдырады. Су бекеті ғимаратының ішінде 1250 кВт энергия өндіретін 2 генераторы бар гидротурбиналар орнатылған. ГЭС-тің жұмыс істеу принципі өте қарапайым. Гидротехникалық тізбек құрылыстарды қажетті су қысымын гидро-турбиналық қалақшаларына түсіріп, қолданыстағы генераторларға келіп электр энергиясын шығаруды қамтамасыз етеді. Сайрам су өзенінің ағысы қатты болғандықтан, электр станциясын ашу мақсатында Қасқасу өңірін таңдадық, – дейді мекеме басшысы Ермек Сарбасов.
120 мыңнан асатын халқы бар Төле би ауданында алдағы 5 жылда өздерінде өндірілген электр қуатымен толық қамтылатын болады. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Осы мақсатта ауданда жеті ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Сайрамсу мен Қасқасу өзенінің бойында алты шағын су электр станциясы бой көтереді. Соның бірі осы «Ақсу қуат» алғашқы су электр станциясы. Сонымен қатар 2018 жылы аудан орталығы Леңгір қаласында қуаттылығы 10 МВт болатын «ДСТО-Solar» күн электр станциясы мен Қасқасу ауылдық округінде қуаттылығы 5 МВт болатын «Сары-Айғыр Қуат» шағын ГЭС құрылысы басталды. Бұл жобалардың барлығы іске қосылған жағдайда 30 МВт-қа жуық электр қуаты өндіріледі.
Айта кетейік, бүгінде ауданның электрге қажеттілігі шамамен 20 МВт, қалғаны күн сайын электр қуатының қажеттілігі артып келе жатқан ауданның өндірістік даму бағытына пайдалану көзделуде.