Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осы өңірдің тізгінін қолға алғалы бері Кентау қаласын Елбасы назарындағы Түркістанмен қатар дамытуды қолға алған болатын. Кентауды өңірдің өндіріс шаһары ретінде өркендету үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасарын аттай қалап, арнайы алдырған. Бүгінде Дәурен Махажанов басқаратын Кентау абаттанып, бір кездері кеншілер қаласы атанған мекенді қауіпсіз қалаға айналдыру мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылуда.
Қала әкімі тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті жауапты мекемелер басшыларына бірқатар шараларды жүзеге асыруға тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жіті қадалғап, назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, солардың қатарында қала көшелерінде жаңа бағдаршамдар, жасанды жол кедергілерін орнату мен жаяу жолаушылар өткелін салу жұмыстары бар. Бүгінде аталған жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.
Биыл Кентауды қауіпсіз қалаға айналдыру мақсатында шаһардың жалпы 11 көшесінің қиылысына 160-қа жуық бағдаршам орнату жоспарланған. Сонымен қатар, маңызы бар 21 орталық көшеге жаяу жолаушылар өткелін салу да жоспарға енген.
Бүгінде барлық бағдаршамдар орнатылып болды. Қаланың 4 көшесінің қиылысындағы бағдаршамдар дыбыстық жүйеге қосылған. Бұдан бөлек, 21 көшеге жаяу жолаушылар өткелінің он бір сызбасы (зебра) сызылды. Қалған 10-ы осы айдың соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Кентау қаласының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралар негізінде қала аумағындағы жол апатының саны азайған.