Түркістан облысы Арыс қаласында «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалы мен Халықты жұмыспен қамту орталығы бірлесіп Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге қоныс аудару мәселесі бойынша «Ашық есік» күнін өткізді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Ашық есік» күнінде қала тұрғындарына Павлодар өңірінен арнайы делегацияны бастап келген Шарбақты аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Смаилханова және Галкина ауылдық округінің әкімі Д.Нурсеитов насихат жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, солтүстік өңірлерге көшкен азаматтар мен отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен бос орындар жайы сөз етілді. Насихат жұмыстарының нәтижесінде Арыс қаласынан 10 отбасы көшуге ниет білдіріп отырғандықтарын жеткізді.
Жуырда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек.
Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады.
Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет,-деп атап өткен болатын.