Шымкентте жаңа бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеуіштер жұмыс істей бастайды. Қырағы көз құралдар жол тәртібін қадағалау мақсатында көлік жүргізушілерінің жылдамдығын бақылайтын болады. Бір сөзбен айтқанда, Шымкент көшелерінде қадағалау күшейіп, орын алған құқық бұзушылықтың барлығы бейнебақылау камераларына жазылып отырады.
Айта кетейік, қала көшелерінде жоспарланған 3500 бақылау құрылғыларының 700-і бүгінде орнатылып та үлгерді. Жалпы үшінші мегаполистің жолдарында цифрландыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Шымкент көшелерінде жоспарланған 3500 бейнебақылау камерасының 700-ден астамы орнатылып үлгерді. Сала мамандарының айтуынша бұл жүйе мегаполистегі қылмыстық ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Әкімдік пен тәртіп сақшылары алдағы уақытта қырағы құрылғының арқасында аса қауіпті аймақтарды анықтайтын болады. Қалалық мәслихат депутаты Әйгерім Жұмағұлова айтулы мәселеге қатысты, тұрғындар тарапынан туындаған толассыз сұрақтарға жауап беру мақсатында, басқарма өкілдерімен бірге үшінші мегаполистің жолдарында цифрландыру жұмыстары қалай жүріп жатқандығын білді.
Мамандардың сөзінше жоғары технологиялық жабдықтар, қала көшелерінде орын алатын заң және құқфқ бұзушылықтардың алдын алуға, жалпы көлік жүргізу мәдениетін жақсартуға арналған. Ал жалпы бұл жобаны жүзеге асыру үшін қала қазынасынан 4 млрд. теңге қаржы жұмсалуда.
Қалалық мәслихат депутаты Әйгерім Жұмағұлова мектептердің жанына камералар мен жол белгілерін орнату мәселесіне тоқталды. Елдің уәжін мамандарға жеткізген халық қалаулысы, білім ордаларының айналасындағы жол көбіне жарыс алаңына айналады деген ата-аналардың шағымын да жеткізді.
Шымкент билігі, мұндай қатаң бақылауды, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, күн санап көбейіп келе жатқан жол апаттарының алдын алу үшін өте қажет деп отыр. Яғни, мамандар қала көшелеріндегі қиылыстар мен жол бойында орнатылатын 3500 бейнебақылау құрылғылары алдағы уақытта, «көлік тізгіндеген талай асауға тұсау боларына» сенімді.