Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі жарым есеге, агроөнеркәсіп кешеніндегі экспорттың көлемін екі есеге арттыруды тапсырған болатын.
Түркістан облысында бүгінде мақтадан мол өнім алу үшін тың жобалар қолға алынуда. Шаруаларды сапалы тыңайтқыштар, тұқыммен қамтамасыз етіп, өнімділікті арттыру мақсатында Өзбекстан Республикасының «RASAYANA» ЖШС-гімен жұмыстар жүргізілуде. Бұл компания ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнімділігі жоғары «AMINOSID» тыңайтқыштары мен мақтаның «Сұлтан» элиталық тұқымдарын жеткізумен айналысады. Бұл тәжірибе мақтаның түсімділігін 40 - 60 центнерге жеткізуге болатындығын көрсетіп отыр.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Мақтаарал, Жетісай аудандарында агроқұрылымдардың қатысуымен жоғарыда аталған тыңайтқыштар мен және мақта тұқымының тиімділігі жөнінде семинар өткізіліп, мақта өнімділігін арттырудың нақты шаралары қабылданды.
Түркістан облысында күзгі жиын – терім науқаны жүріп жатыр. Қазіргі таңда, 1,1 млн. тонна көкөніс, 1,7 млн. тонна бақша, 290 мың тонна картоп және 61 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Жыл соңына дейін 3,5 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға егілді.