Тіл – әрбір ұлттың ерекшелігі. Болмысын, табиғатын аша түсетін құрал. Расул Ғамзатов «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!»,- деп текке жырламаған. Сарыағаш аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» онлайн іс-шарасы өтті.
1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Бұл мереке1998 жылдан бері аталып келеді. Сол жылы ҚР президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қыркүйектің 22 – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды. 2017 жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Тілдер күнін 5-қыркүйек деп бекітті. Сол күні тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы өмір есігін ашқан. Мерекелік датаның сол күнге ауыстырылуы ұлт зиялысының еңбегіне жасалған құрметтің бір белгісі.
Еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстар атап өтеді. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Қазақстанда 100-ден асатын ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, тіл мерекесін тойлаудағы мақсат - Қазақстан халықтарының өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу.Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Іс-шараға аудандық мәдениет үйінің өнерлі өнерпаздары мен ауданымыздың өзге этнос өкілдерінің қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Атаулы мерекеде тіл жанашырларын аудан әкімі мен бөлім басшысының алғыс хаттарымен марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өткен жылғы Жолдауында: – Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін деген болатын.
Сарығаш аудандық балалар кітапханасы Қазақстан республикасының халықтарының тілдері мерекесіне орай «Тіл тірегіміз-соғып тұрған жүрегіміз» атты тәрбие сағатын ұйымдастырды. Іс-шараға белсене қатысқан «Жалын» зияткерлік білім беру мектебінің 3б- сынып оқырмандары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары. Аталмыш шарада Мәдениет үйінің қызметкері Богатова Глафира халық әні «Балапан қаз» әнін орындауымен бастау алды. Кішкентай балапандардың ана тілінде айтқан өлең- тақпақтарымен жалғасын тапқан мерекелік кеште «Еркетай» би тобы өздерінің қазақша билерімен көрермендерді қуантты. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқыған Нұрман Алуа өзінің тілге , Отанға деген құрметін, махаббатын осы өлең сарындары арқылы жеткізгендей болды. Сөз соңында мерекенің қонағы болған ұрпаққа саналы тәрбие беріп, ана тілімізді оқытып жүрген ұлағатты ұстаз Хидирова Гульноз және «Тілдерді дамыту орталығы» оқытушысы Аширбекова Камшат барлық қонақтарды мерекемен құттықтап, тіл қай халықтың болмасын рухани қазынасы екендігін, дәстүрді құрметтеу, мәдениетті қастерлеу керектігін баса айтып, Қазақстанда тұратын 100 ден аса ұлт өкілдерін мерекемен шын жүректен құттықтады.
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде өзге ұлт өкілдерінің тілінің дамуымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде елімізде 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасы да қазақ тілінің ұлтаралық қатынастар тілі деңгейіне жетуіне бағытталған.