Үшінші мегаполисте жас режиссерлердің дәстүрлі байқауы қорытындыланды. Қалалық жастар ресурстық орталығында «SHYMKENT NOMAD FILM FEST» қысқаметражды фильмдер фестивалінің марапаттау рәсімі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүлделі орыннан көрінген жас таланттарды құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
12 тамыз – 10 қыркүйек аралығында өткен байқауға қатысуға 30 үміткер ниет білдіріп, соның ішінен әділқазылар алқасы 10 кино туындыны іріктеп алған. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, Сайрам қосалқы мектеп-интернатының директоры, «Сайрам-Өркениет» БПҰ төрағасы Жадыра Таңатарова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, қоғам белсендісі Талғат Балтабаев, режиссер, «TALAS» film киностудиясының басшысы Серік Таласов, танымал актер, жайдарманшы Марат Достаев, продюсер Бақберген Асанбаев сарапшылар арасынан табылды.
Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, байқау қатысушылары жастығына қарамастан қоғамдағы көкейтесті мәселелерді фильмдеріне арқау ете алған. Олар жас режиссерлердің еңбегінде әрбір бейнесюжеттің тақырыптық идеясының ерекшелігіне және жанрлық талаптарға сай болуына айрықша мән бергендерін айтады.
Үздік үштікті Ерсұлтан Тілеуовтың «Таңдау» туындысы қорытындылады. Екінші орын Дмитрий Владимировичтің еншісінде («Успех. Жетістік» фильмі). Ал бірінші орын «Садақа» фильмінің режиссері Болат Қожахметке бұйырды. Бас жүлдеге «Әке» фильмінің режиссері Ердаулет Алибеков ие болды.