Халықтың мәдение деңгейін арттыру - зиялы қауым өкілдерінің, өнер адамдарының басты міндеті. Халық мәдениетті болғанда ғана адамгершілікке тыс іс-әрекеттер, қылмыстар орын алмайды. Мәдениет - бұл адамның ішкі ары, ұяты. Ар мен ұят жеңген жерде әдепсіздік сығалап та қарай алмайды.
Осы орайда қала халқының мәдениетін арттыру мақсатында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында ағылшын классигі У. Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылымы өтті.
Әлемдік драматургияның ұшар шыңы болып саналатын Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы сан ғасырлар бойы әлемдік театр репертуарларынан түспей келе жатқан жауһар дүние.
Адамзат бойындағы пендешілік болмысынан шошынған Гамлет - адалдық пен әділдіктің жолында күрескен, пәлсапалық тұрғыдан шешімін тапқан биік тұлға.
Аталған трагедияға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев режиссерлік жасады. Ал қоюшы суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов болды. Кілең кәсіпқойлар қойған бұл трагедия өте жоғары деңгейге жетті. Трагедияны тамашалаған көрермендер дән риза болып, театр ұжымына алғыстарын жаудырды.