Әрбір адам бес нәрсеге мұқтаж: ауа, су, тамақ, жылу, жарық. Осы бес нәрсенің бірі болмаса адам өмір сүре алмайды. Бүгінде тамақ өнеркәсібі елімізде алдыңғы қатарға шықты. Ауылдарда мал, егін шаруашылығымен айналысатындар барша республика тұрғындарын тамақпен қамтамасыз етіп отыр десек болады. Шаруалардың еңбегі ұшан-теңіз. Оларға мемлекет тарапынан қолдау әрқашан қажет.
Бүгінде Қазығұрт ауданында мал асырап, егін егемін деген ниеттегі шаруаларға қолдау көп. Оларға тиісті бөлімдер көмек көрсетіп, өнімдері республикалық нарыққа шығуына мүмкіндік беріп отыр. Сарапхана елді мекеніндегі «Қазығұрт Нұры» ЖШС-тігі Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтой құрметіне жеке кәсіпкер еңбегінің жемісін елге тарту етіп, базар нарығынан төмен бағада Нұрсұлтан қаласының тұрғындарына 30 тонна қызанақ сатуға бел буып отыр. Нәтижесінде елорда тұрғындары арзан бағада қызанақ алады, әрі шаруаның өнімдері өтіп, қаржылық жағдайы жақсарады.
Қазығұртта биыл 164,38 гекттар жерге жылыжай салынды. Шаруалар одан нәсіп еткен өнімін алып, жаңа бастаманы пайдалы кәсіпке айналдырып үлгерген. Ендігі мақсат - баға тұрақтылығын қалыптастыру. Осындай мәселені шешу үшін ауыл кәсіпкері Серік Орманов жерлестеріне жеңілдік жасауда.