Еліміздегі түрлі ұлттар арасындағы достық, татулық, бірлік аса маңызды. Бірлік болмаған жерде береке де болмайды. Ұлттар арасындағы алауыздық қақтығысқа, қақтығыс қантөгіске алып келері сөзсіз. Сондықтан да мұндайға жол бермес үшін ұлттар арасындағы достықты нығайта берген жөн. Достық болған жерде өрлеу болатыны айдан анық.
Осы орайда Қазығұрт ауданында Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалымжан Шойкиннің қатысуымен этносаралық қақтығыстардың алдын алу, ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттауға байланысты кездесу өткізілді.
Жиналысқа Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Шардара, Арыс, Төлеби аудандарының құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлім басшылары, Ассамблея құрылымдарының жетекшілері мен этномәдени бірлестіктер төрағалары қатысты.
Жиында бейбітшілікпен келісімнің маңыздылығы, аудандардағы ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттау және этномәдени орталықтарының жұмыстары талқыланды. Сонымен қатар, жастарды интеграция рухында тәрбиелеу, мемлекеттік тілді меңгеру, медиация және билердің жұмысы талқыланды.