Тәуелсіздік - қастерлі ұғым. Оның қадірі алтыннан да жоғары. Тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрген бай халық өте көп. Бірақ қанша жерден бай болса да ұлтарақтай жері жоқ. Кіндік қаны тамар туған жері жоқ адам өзін аста-төк байлық үстінде де бақытсыз сезінері сөзсіз. "Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас" демекші, әрбір азаматқа өз жері, өз елі ыстық. Осынау кең-байтақ туған жеріміздің қадірін өскелең ұрпаққа насихаттаған аса маңызды.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы мәдениет басқармасы "Оңтүстікфильм" мекемесі жоспарға сәйкес Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда кинокөрсетілім өткізді. Көрсетілімге аудан тұрғындары қатысып, туған өңіріміз туралы фильмдерді тамашалап, бойларына рухани нәр сіңірді. Шараның негізгі мақсаты - Түркістанда түсірілген көркем және анимациялық фильмдерді насихаттау. Ұжым қызметкерлері мәдениет үйінде "Түркістан жүрегімде" фильмін көрсетіп қайтты. Алдағы уақытта өзге де аудандарда жалғастыру жоспарлануда.
Бұл жобадан үлкен әсер алған бәйдікбектіктер осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.