Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Әсілханов ҚХА құрылымдарының басшыларымен және Шымкент қаласының этномәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесу өткізді. Кездесуде Шымкент қаласы ҚХА «Ынтымақ» қоғамдық этномәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова атқарылған жұмыстарымен бөлісті.
«Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестіктің жұмысы барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған көптеген саяси-мәдени шаралармен танымал.
Түркістан телеарнасының «Ене мен келін» және Шымкент телеарнасындағы «Ақ босаға» жобалары, ЮНЕСКО-ға арналған «Сыңсу», «Бесікке салу» салт дәстүрлері бейнероликтері «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестік мүшелерінің қатысуымен түсірілді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан қаласында А.Мұсағожинаның қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақы ас, дәм мен дәстүр» атты кітабына «Ынтымақ» этносаралық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Н.Жарылқасымованың 10-нан астам ұмытылып кеткен ұлттық тағамдар рецепттері енді.
«Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі жанынан құрылған Аналар кеңесі қаладағы № 6505 әскери бөлімшемен тығыз байланыс орнатып, әскери борышын өтеуге келген жастардың жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал ету мақсатында дәстүрлі түрде «Аналар дастарханын» ұйымдастырады.
Орталық мүшелері үнемі аз қамтылған отбасы мен жетім балаларға арналған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің жанында «ДОСТЫҚ» жастар қанаты құрылды. Жастар қанатының құрамында жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж оқушылары бар.
«ДОСТЫҚ» жастар қанатының көптеген іс-шаралары жастардың бойында қалыптасқан шынайы патриоттық сананы қалыптастыру және туындаған мәселелерді құқықтық мәдениет арқылы шешу, олардың арасында жоғары әлеуметтік белсенділікті арттыру, азаматтық жауапкершілік пен рухани қажеттілігі, адамгершілікті қалыптастыру мақсатында жұмыс атқарады.
«ДОСТЫҚ» жастар қанатының алдағы жоспарында Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ұлттық бірегейлікті сақтауға арналған жұмыстарын әрі қарай жалғастыруы болып табылады.