Түркістан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Низами Гәнжауидің туғанына 880 жыл толуына орай «Шығыстың шоқ жұлдызы» атты алқалы жиын ұйымдастырды.
«Фараб» кітапханасында өткен алқалы басқосуға Әзербайжан Милли Меджлисінің Спикері Сахиба Гафарова, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті жазушы Мархабат Байғұт, белгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Атамогланов, Әзербайжан Милли Меджлисінің депуттары, Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, бауырлас елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мәртебелі қонақты Академия басшысы Дархан Қыдырәлі күтіп алды. Басқосу Қарабақты азат ету соғысының басталуына 1 жыл толуына байланысты 44 күндік Отан соғысында қаһармандықпен шайқасып, елдің тұтастығы мен егемендігін қорғау жолында қайтыс болған жауынгерлерді құрметпен еске алып, бір минуттық үнсіз жариялаумен басталды.
Бұдан кейін Дархан Қыдырәлі Академияның жаңадан әзірлеп шығарған Низами Гянжауидің «Жеті ару. Лейлі-Мәжнүн» жинағын таныстыра келе, лентасын қию үшін ортаға Әзербайжан Парламенті Меджлисінің спикері Сахиба Гафарова мен жазушы Мархабат Байғұтты ортаға шақырды.
Жиында сөз алған Меджлис Спикері Сахиба Гафарова Низамидің тек түркі дүниесі мен ислам әлемінің ғана мақтанышы емес, күллі адамзат өркениетінде айрықша орын алатын тұғырлы тұлға екенін атап өтті.
Өз кезегінде Академия басшысы Низами мен Абай шығармашылығындағы сабақтастыққа тоқталып, оның түркі әлемінен алатын орны туралы айтты.
«Халықаралық Түркі академиясы «Низами жылы» аясында бірқатар іс-шараларды ұйымның 2021 жылға арналған жоспарына енгізген болатын.
Оқырманға ұсынып отырған кітап осы іс-шаралар жоспары аясында жарық көрді. Кітапқа түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гәнжауидің қазақ тілінде жарық көрген екі шығармасы - «Лейлі мен Мәжнүн» мен «Жеті сұлу» енді. Шындығында, бұл шығармалар Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде - 1940 жылдары қазақтың танымал жазушыларының аудармалары негізінде жарық көрді. Алайда, осы уақыт аралығында бұл кітаптар ескірген және қол жетімсіз болды. Осыны ескере отырып, Халықаралық Түрік академиясы шығармаларды толықтырып қайта басып шығаруға шешім қабылдады.
Низами мұрасы мен шығармашылығы бүкіл әлемде өзекті және маңызды. Оның мұрасы тек Әзербайжан мен түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес рухани қазынасына айналды. Ол бүкіл Шығыста жаңа әдеби мектептің негізін қалады. Низамиден кейін, Насими, Физули, Науаи, Абай және басқа да ақын-жазушылар оның шығармашылығының әсерінен үлкен туындылар жасап, оның идеяларын дамытты», ̶ деді Академия басшысы сөйлеген сөзінде.
Оқырманға жол тартқан еңбекке Низамидың қос жырының Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Орманов, Жақан Сыздықов және т.б. көрнекті қазақ ақындары аударған таңдаулы нұсқалары енген.
Жиын соңында мәртебелі қонаққа Дархан Қыдырәлі Академия басып шығарған бағалы еңбектерді тарту етті.
Айта кету керек, биыл Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев 2021 жылды «Низами Гәнжауи жылы» деп жариялаған болатын. Әзербайжан халқының классик ақыны, түркі әлемнің ойшылы Низами Гәнжауидің негізгі шығармалар іргелі шығармасы «Хамса» («Бес дастан топтамасы»), оған «Сырлар қазынасы», «Хұсрау-Шырын», «Лейлі-Мәжнүн», «Жеті ару» және «Ескендірнама» атты бес дастаны кірген. Ақынның жауһар туындылары Шығыс пен Батыс поэзиясының дамуына орасан зор ықпалын тигізді.