1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысының қариялары облыс орталығында бой көтеріп, пайдалануға берілген этноауылда ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесін тамашалады. Қариялардың құрметіне ақ дастархан жайылып, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Сонымен бірге киелі Түркістан шаһарын аралап, өңірде бой көтерген жаңа нысандармен танысты.
Бұған дейін Түркістан облысының қарияларын «FARAB» кітапханасында құшақ жая қарсы алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оларға құрмет көрсетті. Құрметті ел ағалары мен қазыналы қарттарды бірегей кітапханамен таныстырған облыс басшысы Түркістанды күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қайта түлеткен Елбасының еңбегін ерекше атады.
Түркістан облысында 176 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың ішінде 26-ы Ұлы Отан соғысының ардагері, 2667 Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, 6336 мың тыл еңбеккерлері бар. Бүгінгі таңда ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 400-ге жуық 80 жастан асқан жалғызілікті қариялардың зейнетақыларына үстеме ақы төленеді.
Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн.теңге көлемінде қаржылай көмек берілді, жеңіске үлес қосқан өзге де 6808 тыл ардагерлеріне жалпы 233,3 млн. теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Облыста қолға алынған «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 15,6 мың ардагерге көмек берілген.
Арыс және Жетісай қалаларында ардагерлерімізге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылды. Жақын арада Түркістан қаласында ардагерлерге арналған заманауи орталық ашылады, әрі қарай да осы бағытта жұмыстар жалғасын табады.