Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай мен Құдайбероен Ержан Ордабасы ауданында болып, бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты, жұртшылықпен кездесті. Кездесуде Дархан Мыңбай даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов кешенінің құрылысы тоқтап қалғанын туралы мәселеге де тоқталды. Қаржы тапшылығына сәйкес, құрылысы кешеуілдеген туристік нысан жетекші партияның және депутаттардың бақылауына алынатын болды. Дархан Қамзабекұлы Сарыағаш-Шымкент-Түркістан туристік бағытына Ордабасы ауданын да енгізу керектігін де тілге тиек етті.
Халық қалаулылары осы күні «Бөрте-Милка» сүт фермасы және «Green Technology Industries» ЖШС-нің ПЭТ-қалдықтарын өңдеу зауытында болып, жұмысымен танысты. Бір айта кетерлігі, қалдықтарды өңдейтін кәсіпорында шикізат тапшылығы бар. Пластик қалдықтарды бөлек тастатып, жинату жұмысы қолға алынуы тиіс.
Кәсіпорындардағы кездесулерде Түркістан өңірінің кәсіпкерлері ауыл шаруашылығына берілетін субсидиядағы қағазбастылықты азайту, кәсіпкерлікке қолдауды күшейту жөніндегі өтініштерін ортаға салды. Түркістан облысының аудан, қалаларына арналған іссапарларын түйіндеген қос депутат халықтың ұсыныстары мен талап-тілектері бойынша жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 1956 тармақтан тұратын 1 облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық Жол картасы бекітілген.
Қазіргі таңда Жол картасын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның жұмыс барысы «Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы филиалдары мен фракцияларының бақылауына алынған.