Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері – Дархан Мыңбай мен Құдайберген Ержан Түркістан облысы, Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барды.
Депутаттар Бадам ауылындағы заманауи әрі стандартқа сай, цифрландырылған «Александровский сад» ЖШС-нің сыйымдылығы 1600 тоннаны құрайтын қоймасының жұмысымен танысты.
Кездесуге Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев пен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
«Александровский сад» ЖШС-нің қоймасында жеміс-жидекті сақтауға толық жағдай жасалған. Құрылысы аяқталып, аздаған жұмыстары ғана қалған. Аталған кәсіпорын директоры Бақтияр Тағаев қойманың мүмкіндігімен таныстырып, өңірдің экспорттық әлеуетін көтеруге күш салып жатқанын мәлімдеді.
Осы қоймада Ордабасы ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар мен жобалар таныстырылды. Халық қалаулылары аудан тұрғындарын жұмыспен қамту, олардың жалақыларын уақтылы беру, халықтың әлеуетін көтеру жөнінде ой қозғады.
Ордабасылық азаматтар Мәжіліс депутаттарына үш мәселені шешіп беру жөнінде ұсыныс айтты.
Біріншіден, Ордабасы ауданы, Қызылсеңгір ауылында Боралдай өзенінің маңынан су қоймасын салу ұсынылды. Осы арқылы қыстыгүні және ерте көктемде су жинап, жазда Ордабасы, Отырар ауданындағы бірқатар елді мекеннің ағын су мәселесін шешуге болады.
Ордабасылықтардың екінші өтініші – Бөген су қоймасының астын тазалап, сыйымдылығын артыру. Өйткені бұл қойма біраз жылдан бері тазаланбаған. Депутаттар бұл мәселені қойын дәптерлеріне түртіп алды.
Үшінші мәселеге келсек, аудан әкімдігі мен кәсіпкерлері индустриалды аймақта инвесторлар үшін газ бен электр қуаты бағасын төмендетіп беру, арнайы подстанция салу жайы қозғалды. Депутат Құдайберген Ержан «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында өңірлерді, аудандарды дамыту жоспары бекітілгенін, бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы атқарылуына заңдық тетіктер арқылы ықпал ететінін мәлімдеді.