Кентауда 600 отбасы баспаналы болды

Қысқаша

Кентауда 600 отбасы баспаналы болды

18.jpeg

 Кентау қаласында 600 азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталды.  Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  Оның ішінде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 109 пәтер, көпбалалы отбасыларға – 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санаты бойынша – 227 пәтер, мемлекеттік қызметшілерге – 139 пәтер, авариялық жағдайда деп танылатын азаматтарға 4 пәтер қаралған. 

Жалдамалы баспанамен қамтылғандардың қатарында қала тұрғыны Қалампыр Тулеубекова да бар. 2015 жылы көпбалалы отбасылар санаты бойынша үй кезегіне тіркелген. Қала тұрғыны осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегін үнемі EGOV электрондық порталы арқылы бақылап отырған. Көпбалалы ана 6 жылға жуық уақыт бойы тұрғын үй кезегін сабыр сақтап, шыдамдылық танытып күткен. Бүгінде жалдамалы баспанаға қол жеткізген отбасының қуанышында шек жоқ.

 Дәл осы секілді қаншама қала тұрғындары көптен күткен тұрғын үйлеріне қолдары жетіп қуанышқа кенелуде.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін Кентау қаласында 3600 отбасыны баспанамен қамту көзделген. Бүгінде осы Жол картасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Кентау қаласында 5 қабатты 60 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталды. Оған қоса 10 үйдің құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.


    A+
Уақыты: 2021-08-26  Айдарша: Өңір
TAG: