"Шаянға барсаң әншімін деме" деп қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, шынында да шежірелі Шаян өңірінде жез таңдай, күміс көмей әншілер жетерлік. Шаян өнерпаздары талай республикалық, халықаралық байқауларда жеңіске жетіп, топ жарған. Шаяндық өнерпаздар тек Бәйдібек ауданы емес, бүкіл Түркістан облысының бетке ұстар мақтанышы десек артық айтқандық емес.
Жақында Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» облыстық «Халықтық» (Үлгілі) атағы бар театрлар фестиваліне қатысқан Бәйдібек ауданының «Шаян» халық театры Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» қойлымын сахналады. 60 жылға жуық тарихы бар «Шаян» халық театры бас жүлдені иемденді.
Сонымен қатар аталған фестивалде театр әртісі Бақыт Оспанова «Үздік әйел адам рөлі» номинациясының иегері атанды. Үш күнге созылған театрлар сайысына облысқа қарасты аудан-қалалардан 15 театр қатысты. Өнер ұжымдарының жұмысын жазушы, режиссер, драматург, театр педогогі Асылбек Ихсанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Бермухамбетова және Өнертану ғылымдарының магистрі, театртанушы Тимур Ахметов бағалап, қазылық етті.