Бүгінде Созақтық шаруалар жаңа технологияға ден қоя бастады. Айталық, Созақтағы мал баққан шопандар бау-бақша да салды. Жері шөлейтті, климаты құрғақ ауданда, тамшылатып суғару технологиясын қолға алған. Сөйтіп, табыстың көзін тауып, пайда көріп отыр.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Әбдісалам Бабатай соңғы 5 жылдан бері бау-бақша дақылдарын егіп келеді. Биыл 400 сотық алқапқа картоп, сәбіз, пияз, қызанақ отырғызған. Тамшылатып суарудың нәтижесінде мол өнім алғанын айтады.
- Дақылдың барлық түрі бар енді. Қызанақтан 10 тонна алдық. Өткізіп болдық, қалғанын бүгін жәрмеңкеге әкеліп, халыққа қол жетімді бағамен сатып жатырмыз. Өткізіп атқан өнімдерімізде ешқандай химикат жоқ. Таза өнім – дейді диқан Әбдісалам Бабатай.
Сондай-ақ ауданда топырақтың құнарсыздығы мен су тапшылығына қарамай бау егіп, жайқалтып отырған шаруалар да бар. Мәселен, 15 гектар жерге орналасқан «Гүлғайша» алма бағында 8 мың түп көшет жеміс беруде. Бағбан жәрмеңкеге 2 тонна алма әкеліп, аудан тұрғындарына нарықтағыдан төмен бағамен саудалады.
- Өнім бере бастаған уақытысы ғой қазір. Былтырлары 15-20 тонна өнім жинасақ, биыл 50-60 тоннаға дейін жинау жоспарланып отыр - дейді бағбан Қанат Қайратұлы.