Түркістан облысында Қазақстандағы алғашқы ересектер мен балаларға арналған жаялықтар шығаратын зауыт өз жұмысын бастады. Түрік компаниясы «Royal Hijyen ve Sağlık Ürünleri San. Tic. A.Ş.» (Роял Хиджиен) және Түркістан облысының мүгедектер қоғамы «CaPable Group» бірлесіп, Сайрам ауданында өндірістік қуаты жылына жүз млн. дана болатын жөргектерді өндіру жобасын іске асыруды бастады. Өндіріс орнында алпыс жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жоба құны үш млрд. теңгені құрайды. Айта кету керек, бұл өндіріс ең алдымен облыстың барлық мүгедектерін жаялықтармен қамтамасыз етеді. Ал қалған бөлігі сосын басқа өңірлерге жөнелтіледі. Зауыт толық қуатқа шыққаннан кейін инвесторлар өз өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде отандық экспорттың дамуына қосымша серпін береді. Жобаны іске асыру барысында инвесторлар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен жасалған инвестициялық келісімшарт шеңберінде мемлекеттік преференцияларға ие болды.
Сайрам ауданында бір реттік медициналық-хирургиялық жабдықтарды өндіруді жоспарлаған «S MEDICAL» ЖШС былтыр айына 2 млн дана медициналық бетперде өндіруге қауқарлы станоктарды іске қосқан болатын. ЖШС директоры, кәсіпкер Мәжит Мәуленов айтуынша, жоба құны 80,4 млн теңгені құрайды. 30 адамға жаңа жұмыс орны құрылып, қазіргі таңда тәулігіне 80 мың дана бетперде әзірленуде.