Түркістан облысы Төлеби ауданының тумасы Назым Сатыбалды Венгрия елінің Будапешт қаласында спорттың кикбоксинг түрінен өткен əлем кубогінің қола жүлдегері атанды. Жастар арасындағы спорттық сайыста 60 келі салмақта өнер көрсеткен спортшы қыз бұған дейін бірқатар белестерді бағындырған. Атап айтсақ, Түркістан облысының үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының үш дүркін жеңімпазы, Венгрияда өткен əлем кубогінің қола жүлдегері, спорт шеберіне үміткер (КМС).
Назым Саятқызы 2004 жылы Төлеби ауданы Момынай ауылында дүниеге келген. Ол кикбокспен айналысқанына 6 жылдан асқан. Бүгінде спортшы қыз Момынай жалпы орта мектебінде 11 сыныпта оқиды. Жаттықтырушысы Алмаз Дүйсебаев, Момынай жалпы орта мектебінің денешынықтыру пəні мұғалімі.
Жалпы Төлеби ауданында спортқа жақсы көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде Көксәйек және Мәдени елді мекенінде жобалық-сметалық құжаттарының оң қорытындысы алынған спорт кешендерін салу облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына ұсынылған. Сонымен қатар, Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенін және футбол алаңшасын салу үшін 2,50 га жер телімін бөлу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Момынай және Киелітас елді мекендерінен ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысын салу үшін демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Айта кетерлігі, жыл сайынғы «Үздік елді мекен», «Үздік көше» және «Үздік аула» номинациясы бойынша жүлделі орын иеленген Киелітас, Қоғалы, Зертас және Тасарық ауылдық округтеріне балалар ойын алаңшасын орнатуға 30 млн теңге қаржы қаралып, аталған ауылдық округтерде балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылды.