Түркістан облысын 6 жоба ағын сумен қамтиды

Қысқаша

Түркістан облысын 6 жоба ағын сумен қамтиды



Түркістан облысындағы 267 млн. текше метр ағын су тапшылығы алты жоба арқылы шешіледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен өңірді ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған жиында айтылды.

image.png

Атап айтқанда, Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша бұрын ағын су 43 пайызға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 36 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн. текше метр су үнемделіп отыр. Жалпы жобасы аясында 60 млн. текше метр су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бүгінгі күні 1,5 шақырым абаттандырылды.

Ал, «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салу жобасы бойынша 34 млн. текше метр ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 28 метрге дейін көтеріліп, 60 пайызы бетонмен қапталды. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырым ұзындыққа көтеріліп, биылғы жылдың өзінде 250 млн. текше метр су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді.

«Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба мемлекеттік сараптама қарауында. Нәтижесінде Түркістан қаласына жылына 53 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізілетін болады.

«Сарқырама» су қоймасын салу жобасы бойынша құжаттар әзірленуде. Вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн. текше метр су тасталып, Түркістан өңірі бойынша ағын су кепілді түрде жеткізіледі.

Сонымен бірге, Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы қолға алынбақ. Вегетациялық кезеңде Түркістан өңіріне қосымша 70-95 млн. текше метрге дейiнгi ағын су жеткізілетін болады.

    A+
Уақыты: 2021-09-21  Айдарша: Өңір
TAG: