Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының мәжілісі өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Мәжіліске Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев қатысты.
Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Бірінші мәселе – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы орындалмау қаупі бар нысандардың мәселесін шешу жөнінде Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 1956 тармақтан тұратын 1 облыстық, 16 аудандық, қалалық Жол карталары дайындалып, бекітілген.
Облыстық Жол картасында 2021 жылға 7 бағыт бойынша 110 іс-шара жоспарланған. Биыл 8 айда 30 іс-шара мерзімінен бұрын орындалса, 57-сі жүзеге асу үстінде. Аудандық, қалалық Жол карталарында жоспарланған 1418 индикатордың 668-і (47%) орындалды, 688-і (49%) орындалу үстінде.
Жол картасы аясында 363,5 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 10541 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыста тоқыма бұйымдарын, құрғақ сүт, бетон бұйымдарын, күйдірілген кірпіш, минералды су, күріш және ет өндіретін 13 кәсіпорын ашылып, онда 1665 адам жұмыспен қамтылған. Осы жұмыстарды баяндаған Қанат Қайыпбек кейбір индикаторлардың орындау барысындағы мәселелер мен кемшіліктерге де тоқталды. Облыстың Жол картасында бірқатар жоспардың орындалмай қаупі бар екені талқыланып, фракция мүшелері бұл мәселелерді соңына дейін жеткізу керек деген шешімге келді.
– Жұмысты кешеуілдетіп жатқан негізгі себептер: жоспарланған жобаларға тиісті қаржының уақытылы немесе мүлдем бөлінбеуі, инвесторлардың жобадан бас тартуы немесе қаржыны баяу құюы, жобалық-сметалық құжаттардың мерзімі өтуі, – деді басқарма басшысы.
Депутаттар әрбір индикатордың орындалуын қадағалап, жан-жақты зерделеуді жалғастырмақ. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, құрылыс салаларында орындалмаған жұмыстар бар.