Түркістан облысында бес мың гектарды суландыратын канал салынуда

Қысқаша

Түркістан облысында бес мың гектарды суландыратын канал салынуда

Түркістан облысының Отырар ауданында Р-1 каналы күрделі жөндеуден өткізілуде. Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы каналдың құрылыс жұмыстары өткен жылы қолға алынған болатын. Оған облыстық бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Қарқынды құрылыс жұмыстары кестеге сай жасалып, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатыр. Іске қосылғанда бес мың гектарды суландыруға әбден болады.

image.png

Аталмыш су арнасының жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Жөндеу жоспарына сәйкес маңызды каналдың 11 шақырымы бетон жабындысымен қапталуы тиіс болса, қазіргі жоспарға сәйкес су өткізгіш жүйенің 7 шақырымы жөнделген. Бүгінде тиісті жұмыстар өз жалғасын табуда. Нәтижесінде, талай жылдардан бері егістікке қажетті ағын су тапшылығын сезініп, жерлері сортаң тартқан аймақ шаруаларының мәселесі шешіледі. Сонымен бірге, 3410 гектар жердің су алу мүмкіншілігі артып 170 гектар жер жаңадан айналымға қосылады.

Бүгінде Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы бес мың гектар алқап бар. Алайда су тапшылығынан ауыл тұрғындары оның екі мың гектарын ғана пайдаланып келеді. Секундына бес текше метр су Р-1 каналы күрделі жөндеуден өткеннен кейін қолданыстан шығып қалған үш мың гектардан астам алқапты қайта іске қосуға көмектеседі.

Мұнан бөлек, Отырар ауданында «Казсушар» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі Көларық, Маяқұм, Сумағар каналдарына механикалық тазарту, Көксарай, Есіркеп, Көларық, Маяқұм, Шеңгелді және Ақкөл каналдарының сағасын ашу, Д.Алтынбеков каналының ПК-41-дің су шайған дамбасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    A+
Уақыты: 2021-09-15  Айдарша: Өңір
TAG: