Арыста алғаш рет гемодиализ орталығы ашылды

Қысқаша

Арыста алғаш рет гемодиализ орталығы ашылды



Арыс қаласындағы орталық аурухана жанынан гемодиализ орталығы ашылды. 80 мыңға жуық тұрғыны бар Арыста бұған дейін мұндай орталық болмаған. Ал созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан 40-тан астам азамат аптасына 2-3 реттен ең жақын орталық – 85 шақырым қашықтағы Шымкентке қатынап келген.

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі екендігін айта келе, «медицина саласына инвесторларды тарта отырып, бұл бағытта озық технологиямен жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» деп атап көрсеткені белгілі.

- «Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біз бүгін облысымызға белгілі «Мед Алатау» көпсалалы медицина орталығының қызметін Арыс қаласында ұйымдастырып отырмыз. Ал науқастардың жанын шүберекке түйіп, ұзақ жол жүріп, Шымкентке барып-қайтуы оңайға соқпайтыны белгілі. Президентіміз айқындап берген ұлт саулығы бағытындағы жоспарымызды іске асырып, денсаулығы сыр берген жандарға көмек қолын созып отырмыз», – деді Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова.

Көпсалалы «Мед Алатау» медицина орталығы ЖШС-нің директоры Рүстем Әбдуалиевтің айтуынша, Арыс қаласында ашылған орталық бір мезетте 6 пациентті қабылдай алады. Науқастарға сапалы қызмет көрсету мақсатында арнайы Surdial-X (Niprocorp) аппаратын Жапониядан алдырған. Ал суды сүзгіден өткізіп, құрамын байыту үшін Германиядан қосымша құрал-жабдықтар әкелген.

Айта кетейік, орталықта Арыс қаласы мен қала маңындағы елді мекен тұрғындарына тіпті, Қазақстанның кез-келген азаматына тегін қызмет көрсетіледі. Науқастарды тасымалдау қызметі мен ас-сумен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан. Ең бастысы, дәрі-дәрмек тапшылығы мүлдем болмайды. Ал аталған қызметтерді тұтыну үшін азаматтар жеке басын куәландыратын құжатпен келсе, жеткілікті.

    A+
Уақыты: 2021-09-10  Айдарша: Өңір
TAG: